Баутино жүк ауданында «Амал» мерекесі атап өтілді

Ақтау портында бірқатар көктемгі мерекелік шаралар өткізіле бастады. 14 наурыз күні Ақтау қаласынан 150 шақырымдағы Баутино жүк ауданында көктемнің басталуы мен адамдар арасындағы жылы қарым-қатынастың бастауы болып табылатын ежелден келе жатқан маңғыстаулықтардың «Амал» мерекесі атап өтілді.

Көпшілік бір-біріне барып, қол алысып, жағдай сұрасып, мәз-мейрам болып жатты. Әріптестерді айтулы мерекемен құттықтау үшін бас кеңседен экономика және қаржы департаментінің директоры Марлен Калитов, кәсіподақ ұжымының өкілі Гүлжан Сағатова және қызметкерлерді басқару департаментінің қызметкері Жұмагүл Қойлановалар барып, мерекеге қатысып қайтты.

Жүк ауданының жұмыскерлері халық шығармашылығы көрмесін ұйымдастырып, ұлттық тағамдардан дастархан жайып қарсы алса, ал жұмыскерлердің балалары мен немерелері мерекелік көңілді концерт ұйымдастырып, өз өнерлерін көрсетті.