Ақтау порты Наурыз мерекесін атап өтті

Ақтау порты 22 наурыз күні 15 шағынаудандағы теңіз жағалауында қалалық Наурыз мерекесіне қатысты.

Мерекеге арналып тігілген ұлттық киіз үйге порт жұмыскерлері мен ардагерлері отбасыларымен, порт президенті Абай Турикпенбаев, қаланың әртүрлі ұйымдарының өкілдері мол жайылған дастарханнан дәм татты. Сол күні дастархан басында 100 ден астам зейнеткерлер мен еңбек ардагерлері, шекара қызметінің ардагерлері мен мәдениет бөлімінің өкілдері бас қосты. Киіз үйдің жанындағы үстелге ұлттық тағамдар қойылып, мерекеге келушілердің көбісіне дәмді дайындалған наурыз көже, палау мен бауырсақ таратылды.

Ағайынды Ильясовтар қала тұрғындарына керемет концерт қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Нақышты ұлттық киімдер киген әдемі қыздар Айнұр мен Шолпанның жанынан өткендердің барлығы ескерткіш суреттерге түсіп жатты.

Таңертеңнен кешке дейін алаңда музыка ойнап тұрды, адамдар бір-біріне жымиысып, қыдырып жүрді, күннің көзі де шуағын төгіп тұрды. Наурыз мерекесі өте көңілді өтті, біз өз тарапымыздан қала тұрғындарына кішігірім мейрам сыйлағынымызға қуаныштымыз.