«Ақтау порты» футбол командасы бірінші лигаға кірді

18 команда қатысқан футзалдан Ақтау қалалық ашық чемпионаты аяқталды. Екінші лигада «Ақтау порты» мини-футбол командасы ойынға қатысып, 3-орынды иеленді. Чемпионат аяқталған соң 1 сәуір күні «Батыр» спорт кешенінде өтпелі ойындар өткізіліп, «Ақтау порты» МФК бірінші лиганың «Қазақмұнайгаз ҒЗӨИ» командасымен кездесті. 2:0 есебімен жеңіске жетіп, «Ақтау порты» МФК бірінші лигаға жолдама алды.

3 сәуірде жеңімпаздарды салтанатты марапаттау шарасы өткізіліп, марапаттарды облыстық футбол федерациясының президенті Ғ.Балтілеу және қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы К.Жұматаевтар тапсырды.

«Спартак-Теңіз порты» ардагерлер командасы ардагерлер арасындағы футзал бойынша Ақтау қаласының кубогына ие болды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының жетекші маманы Фархад Гуламов «Футболға адалдығы үшін» марапатын алса, «Ақтау порты» мини-футбол командасының қақпашысы Мирас Сидулаев ең озық қақпашы атағын иеленді, ал «Ақтау порты» командасының өзі салтанатты түрде бірінші лигаға қабылданды.

Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз!