Ақтау портында лаңкестікке қарсы оқу өтті

Маңғыстау облысының лаңкестікке қарсы күрес комиссиясының тапсырмасына сәйкес лаңкестікке қарсы даярлықтың бірыңғай күнін өткізу аясында Ақтау теңіз портында басқа мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікте профилактикалық және оқыту іс-шаралары (бұдан әрі – Оқу) өтті.

Құрамында ЛҚКК бөлімінің қызметкерлері Маралбек Сейілов, Қуаныш Бедеров, Маңғыстау облысы ІІБ экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рашид Қуандықов және оның орынбасары Дәулет Картжанов бар лаңкестікке қарсы күрес комиссиясының өкілдері (бұдан әрі-ЛҚКК) өзінің лаңкестіктен қорғану қызметін жүзеге асыру шеңберінде кәсіпорынға келді.

Оқу іс-шараларына Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті, Ішкі істер департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті өңірлік басқармасы, Әскерилендірілген темір жол күзеті және басқа да ведомстволардың қызметкерлері мен арнайы техникасы қатысты.

Оқу-жаттығу барысында қолдан жасалған оқу жарылғыш құрылғысы табылды. Дабыл сиреналарын естігеннен порт қызметкерлері ғимараттардан сыртқа шықты, саптық хаттар бойынша қызметкерлердің түгендігі тексерілгеннен кейін, олар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғы залалсыздандырылды.

Іс-шаралар аяқталған соң порт бөлімшелерінің басшыларына оқу-жаттығудың қорытындысы хабарланып, кәсіпорындағы лаңкестік оқиғалардың алдын алу бойынша кеңестер берілді. ЛҚКК мен мемлекеттік органдар байқаушылары порт қызметкерлерінің жедел және үйлесімді әрекеттерін атап өтті.

Оқу-жаттығуды Ақтау теңіз портының сыртқы қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Р. Айнабеков басқарды.