Бүгін Ақтау портында аумағы жөнінен дүние жүзінде үшінші орындағы контейнерлік тасымалдаушы – CMA CGM француздық контейнерлік кеме қатынасы компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тараптар CMA CGM тобына Ақтау теңіз сауда портын импорт, экспорт және контейнер транзиті мен Ақтау портына кіретін кемелерді жүктеуге/олардан жүк түсіруге арналған логистикалық хаб ретінде пайдалану мүмкіндігін беретін бірлескен ынтымақтастықты зерделеп, бағалауға ниетті.

Порт президенті А. Түрікпенбаев бұл оқиғаның Ақтау порты үшін айрықша маңызын атап өтті. «Бүгінгі таңда порт өзінің транзиттік әлеуетін дамытуды көздеп отыр. Контейнерлік тасымалдарға қайта бағдарлану біздің басты мақсатымызға айналып отыр. Порттың қазіргі қуаты жылына 40 мың контейнерге дейін қабылдап, өңдеу мүмкіндігін беріп отыр, бірақ стратегиялық мақсатымыз неғұрлым жоғары – 75-100 мың контейнер. Осындай жағдайда өз контейнерлер паркі бар орасан ірі кеме қатынасы компаниясының ынтымақтастыққа шақырылуы портқа контейнерлік жүкті ауыстырып тиеу ауқымын арттыруға жақсы мүмкіндік береді», – деп тоқталып өтті А. Түрікпенбаев.

CMA CGM  басқарушы директоры Арман Кужанов кездесу барысында бұл, сөзсіз, екі жаққа да қолайлы жоба екендігін және CMA CGM  компаниясы үшін мұндай ынтымақтастық Транс-Каспий маршрутын Ақтау портынан Баку портына дейінгі көлік бағытын қолдана отырып, Орталық Азиядан  Түркия және Жерорта теңізі елдеріне жүк тасымалдау үшін көрсетілетін қызметтер географиясын кеңейту үшін пайдалану мүмкіндігін беретіндігін айтты.

CMA CGM – Марсельде штаб-квартирасы бар көліктік кеме қатынасы компаниясы, негізінен контейнерлік теңіз тасымалымен шұғылданады. Франциядағы ең ірі және жалпы кеме сыйымдылығы 2.208 млн. TEUs, аумағы жөнінен дүние жүзінде үшінші орындағы контейнерлік тасымалдаушы болып табылады.