Ақтау порты Өзбекстаннан келген жүктерді ауыстырып тиеу мүмкіндіктерін талқылауда

Бүгін Ақтау портының президенті Абай Түрікпенбаев «TransUzbekistan-2018» халықаралық көрмесі аясында «Узбекистон Темир Йуллари» АҚ басқарма төрағасы Акмал Камаловпен кездесті. Әңгіме барысында өзбек жүгінің Ақтау порты арқылы транзиттелуін қамтамасыз ету мақсатындағы әріптестік қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

Бұл бағыттағы жұмыстар көптен жүргізілуде. Өткен жылдың мамыр айында Өзбекстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Қытай, сондай-ақ басқа да бірқатар елдердің теміржол өкілдері, жетекші көліктік-логистикалық компаниялары, дипломатиялық миссиялары мен бизнес құрылымдарының қатысуымен Ташкентте «Транскаспий халықаралық көлік бағдары және Қазақстан теңіз порттары» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Оның ұйымдастырушысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ болды.

Дәл осы күні Ақтау портының өкілдері CMA-CGM әлемдік контейнерлік компаниясы өкілдері Арман Кужановпен, Амир Закировпен және MSC Central Asia көліктік-экспедиторлық компаниясы өкілі Батыр Хайтбаевпен контейнерлік тасымалды қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.